Алматы прокуратурасы «Eco Almaty» директорын жауапқа тартты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Медеу ауданының прокуратурасы сотта азаматтық істерді қарау нәтижелері бойынша мегаполисте жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау кезіндегі бұзушылықтарды анықтады.

Заң
Фото: Kazinform

Прокуратураның мәліметінше, қалада жауын-шашынды және желді ауа райында ағаштар жиі құлайды. Әсіресе, автокөлік құралдарына зиян келтіріп жатыр. 

Жоғарыда көрсетілген фактілер адамдарды, келтірілген материалдық шығынды өндіріп алу және автокөліктерді қалпына келтіру мақсатында сотқа жүгінуге мәжбүрлеп отыр.

2023 жылдан бастап соттар азаматтардың 51,3 млн теңгені өтеу туралы 32 талап-арызын қарады. Бұл ретте бюджеттен 31,2 млн теңге өндірілді.

Прокурорлар, жасыл желектерді күтіп ұстау бойынша көзделген шаралар тиісті түрде қабылданбағанын анықтады. Кешенді түгендеу және орман патологиялық зерттеу, сондай-ақ мәліметтерді тиісті базаға енгізу жұмыстары толық көлемде жүргізілмеген.

Аталған факті бойынша Медеу ауданының прокуратурасы заң бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізді.

«Қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша «Eco Almaty» ЖШС директоры тәртіптік жауаптылыққа тартылды, апатты ағаштарды анықтау жөнінде қосымша шаралар қабылданып жатыр»,- деп атап өтті Алматы қаласының прокуратурасы.

Соңғы жаңалықтар