Алматы шатқалдарында тау кластері жобасының құрылысына дайындық басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тау кластері жобасы бойынша дайындық жұмыстары басталды.
«Almaty Tau Management» ЖШС мәліметінше, Алматы тау кластері жобасын жүзеге асыру практикалық кезеңге өтті. Дайындық жұмыстары «Шымбұлақ» курортында, сондай-ақ Бұтақты және Кімасар шатқалдарында басталды.
— «Шымбұлақта» екі жаңа көтергіш — төрт орындық аспалы жол мен сүйретпелі көтергіш салынып жатыр. Олар курорттың өткізу қабілетін арттыруға, келушілер санын тиімді бөлуге және шаңғы тебу жайлылығын жақсартуға мүмкіндік береді, — деп хабарлады компаниядан.
Ал Бұтақты шатқалында болашақ аспалы жол станцияларына арналған алаңдар дайындалып, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Құрылыс техникасының жүруі және инженерлік желілерді тарту үшін «Бұтақты — 2000 м» бағыты бойынша технологиялық жол салу жұмыстары басталды. «Almaty Tau Management» ЖШС бұл негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарына кіріспес бұрын атқарылатын қажетті кезең екенін атап өтті. Ол шамамен 2–3 аптаға созылады.
Сондай-ақ Кімасар шатқалында болашақ базалық станция орналасатын құрылыс алаңы дайындалған.
— Барлық учаскеде жасыл желектер зерттеліп жатыр. Мамандар ағаштардың қазіргі жағдайы мен орналасуын тіркеп, кейінгі жобалау кезінде табиғи ландшафтты ескеруге және оған әсерді барынша азайтуға мән береді. Ағаштарды таңбалау — оларды зерттеу және есепке алу рәсімінің бір бөлігі, — деп түсіндірді «Almaty Tau Management».
Еске салайық, Алматы тау кластері «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттарын аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассаларының бірыңғай жүйесі арқылы біріктіруді көздейді.
Оған дейін шілде айының басында Көкжайлауда Almaty SuperSki курортының құрылысы басталды.