Алматы — Шымкент бағытындағы жол жабылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Ауа-райының қолайсыздығына байланысты «Хоргос — Алматы — Тараз — Шымкент — Ташкент» бағытындағы жол жабылды.
Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, сағат 22:00–ден бастап ауа-райының нашарлауына байланысты, Жамбыл облысының шекарасынан Шымкент қаласына дейінгі республикалық маңызы бар А-2 «Хоргос — Алматы — Тараз — Шымкент — Ташкент» автокөлік жолының 593-674 шақырым бөлігінде барлық автокөлік түрлеріне қозғалыс тоқтатылды.
Жолда дауыл болып, күн райы күрт бұзылған. Бұрқасын бораннан жол қозғалысы қиындап, көру мүмкіндігі төмендеген.
Айта кетейік, таңертең Жамбыл облысы шекарасынан Түлкібас ауданы Т. Рысқұлов ауылы аумағында транзиттік жүк автокөлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілген болатын. Кейіннен жол ашылып, көлік қозғалысы қалыпқа келгенін жаздық.
Ал, Қазығұрт асуында жүк көлігі жолдан тайып, жолды жауып қалды.