Алматы тауларына 500 өрік көшеті отырғызылды

Көшет отырғызу
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Алматы - біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында Бутаковка шатқалына 500 жеміс ағашы - өрік отырғызылды.

«Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі директорының орынбасары Ұзақ Мықитановтың айтуынша, бұл аталған учаскеге былтыр 1000 Сиверс алма ағашы отырғызылған. 

«Биыл таңдау өрік көшеттеріне түсті, өйткені олар таулы аймақтағы климаттық жағдайларға жақсы бейімделген. Өрік көшеттерін отырғызу алдында тамырлар кеуіп қалмас үшін арнайы болтушкаларда (жер мен су) ұстадық», - деп бөлісті ол. 

«Медеу» табиғи паркі қызметкерлерінен басқа, ағаш отырғызуға облыстық және қалалық Экология басқармаларының, Медеу ауданы әкімдігі мен прокуратурасының қызметкерлері, сондай-ақ экобелсенділер мен еріктілер қатысты. 

Көшет отырғызу
Фото: Алматы әкімдігі

«Кеше біз ардагерлер және зейнеткерлерімен бірге сенбілік өткіздік. Біз осы акцияны жалғастырып, баршаны қаланы абаттандыру мен көгалдандыруды қадағалауға шақырамыз», - деді студенттік экопатрульдің басшысы Әділ Нұрпейісов.

Еске салсақ, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны 8 сәуірде басталды. Әрбір тұрғын мегаполисті дамытуға және көгалдандыруға өз үлесін қоса алады.

Көшет отырғызу
Фото: Алматы әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар