Алматы тауларында қар көшкіні қаупі сақталады
Алматы облысының ТЖД 11-14 қаңтар аралығында Алматы облысының тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Kazinform.
Департамент азаматтар мен туристерді қар көшкіні туындауы мүмкін болғандықтан қарлы беткейлерге шықпауға, таулы жерлерде барлық қауіпсіздік шарасын сақтауға шақырды.
«Алматы облысының аумағында Іле-Алатау тауларының оңтүстік беткейінде Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында 55 көшкін қаупі бар учаске бар. Негізінен қар көшкінінің түсуі температура фонының жоғарылауына және жаңбыр мен қар түрінде мол жауын-шашынның түсуіне байланысты болады», - деп хабарлады ТЖД-да.
Сондай-ақ ведомстводағылар тұрақсыз ауа райына байланысты және адамдардың жарақаттануы мен өлімін алдын алу мақсатында су айдындарының бетіндегі жұқа мұздың үстімен жүрмеу керек екенін ескертті.