Алматы телемұнарасы Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа кейіпке енді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Алматының Бостандық ауданында Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан биіктігі 200 метр телерадио хабарын тарататын мұнараның сәулеттік жарықтандыру жобасы толық аяқталды.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, жаңартылған жарықтандыру қаладағы ең танымал инженерлік нысандардың бірі саналатын телемұнараның бірегей құрылымын айқындап, оны мегаполистің кешкі келбетінің айшықты нүктесіне айналдырды.


— Осылайша, нысан тек қалалық инфрақұрылымның функционалдық бөлігі ғана емес, сонымен қатар Алматының заманауи сәулеттік жарықтандыруының маңызды элементіне айналды. Жоба аясында заманауи жарық прожекторларын орнату, жаңа кабель желілерін тарту, сондай-ақ әртүрлі жарық үлгілерін жасауға мүмкіндік беретін интеллектуалды басқару жүйесін енгізу бойынша кешенді жұмыс істелді, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы телерадио мұнарасына жаңа сәулеттік жарық орнатылып жатқанын жазғанбыз.
Алматыда Тәуелсіздік күніне орай қандай іс-шаралар өтетінін хабарлағанбыз.