Балқашта сібір жарасына күдік расталмады
БАЛҚАШ. KAZINFORM - Балқашта медициналық көмекке жүгінген науқастан бастапқыда сібір жарасының тері түріне күдік болған. Алайда жүргізілген ПТР-зерттеу нәтижесінде диагноз расталмады, деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Ведомствоның мәліметінше, науқас Балқаш қаласының көпбейінді ауруханасына жүгінген. Алдын ала қойылған диагноз ескеріліп, ол инфекциялық бөлімшеге жатқызылған.
– Балқаш қаласының ауруханасына науқас жүгінді. ПТР-зерттеу нәтижесінде сібір жарасы диагнозы расталған жоқ. Қазіргі уақытта жағдай тиісті қызметтердің бақылауында. Тұрғындарды алаңдатуға негіз жоқ, – деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Қажетті санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар аясында науқаспен байланыста болған адамдар анықталды. Жағдай туралы ақпарат аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тиісті бөлімшесіне де жолданды.
Бұған дейін Қызылорда облысында сібір жарасы жерленген 57 ошақ бар екені хабарланған болатын.
Бұған дейін Қызылордадағы орны анықталмаған сібір жарасының көмінділері реестрден алынуы мүмкін деп хабарланған болатын.