Алматы циркінің әртістері Гиннес рекордтар кітабына енді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Алматы циркінің әртістері айтты.

«СЕРБАТ» акробатикалық тобының мүшелері — Батыр Жанұзақ пен Марлен Маратов Миландағы беделді «Lo Show Dei Record» халықаралық шоуында бірегей рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Акробаттардың бірі екіншісін маңдайымен көтеріп екі баспалдаққа мініп түскен. Олар трюкті 36,66 секундта орындаған. Бұл жетістік көрермендерді ғана емес, халықаралық қазылар алқасын да таңғалдырды.
— Бұл керемет сәт болды. Біз бұл рекордқа ұзақ, табандылықпен дайындалдық. Бүкіл залдың қошеметін көру — ұмытылмайтын ерекше сәт болды, — деді рекордсмен Батыр Жанұзақ.
«СЕРБАТ» цирк тобы әлемдік сахнада танылып, «America’s Got Talent», «Britain’s Got Talent» және «China’s Got Talent» сияқты белгілі шоулардың финалистері мен жеңімпаздары болған.
— Біз үшін бұл жай ғана рекорд емес, бұл бүкіл командамыздың еңбегіне, цирк өнеріне деген махаббатына берілген баға. Бізге сенген барлық жанкүйерге алғысымыз шексіз, — деді Марлен Маратов.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның ең ұзын лағман жасалып, Алматыда жаңа рекорд орнатылғанын жазғанбыз.