Алматы тұрғыны қала әкімінен Райымбек бойымен өтетін BRT жобасын қайта қарауды сұрады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қала әкімімен өткен кездесуде алматылық Райымбек даңғылындағы BRT жобасын қайта қарауды сұрады. Оның пайымдауынша, бұл көлік кептелісі жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін.
«Жақында Райымбек даңғылында BRT пайда болатыны туралы жаңалық шықты. Бұл шешімді қайта қарауға бола ма, бұл даңғылдың облыстық маңызы бар. Оны Райымбек даңғылында жасамаңыз, мұнда базарлар бар, облыстан адамдар келеді. Тимирязев көшесіндегідей BRT салсаңыз, онда жағдай ушығады, бітпейтін кептеліс болады. Ол жерде автобус желісі бар, неге BRT?» – деп сұрады тұрғын.
Ерболат Досаев Райымбек даңғылына BRT желісі қажет деп жауап берді.
«Біріншіден, Райымбек даңғылының қалалық жол екенін түсіну қажет, тиісінше біз BRT жобасын іске асыратын боламыз, өйткені қаланы дамыту қажет. Біздің басымдығымыз – қоғамдық көлік, бүгінде ол Райымбекте тиімсіз. Айта кету керек, Райымбек даңғылы бойынша BRT -ның жалпы ұзындығы 17 км. Сонымен қатар жоба «Алтын Орда» көлік-ауысып отыру торабын (КАТ) құруды қамтиды»,- деді қала басшысы.
Айтуынша, жобаны іске асыру кезінде қоғамдық көлікке бөлінген жолақтардың ұзындығы дәліз ұзындығынан 70%-дан 90%-ға дейін өседі, платформалары бар сол жақ жолақта бөлінген жолақтар пайда болады, ал қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығы 70%-ға артады.
Осылайша, дәліздің бүкіл бойында қоғамдық көліктің басымдығы қамтамасыз етіледі, қарбалас сағаттағы орташа қозғалыс аралығы шамамен 5 минут болады.
«Жобаны 2 кезеңде іске асыру жоспарлануда. Біріншісі – ағымдағы жылы Райымбек даңғылының Ахрименко көшесінен Пушкин көшесіне дейінгі орталық учаскесінде бөлінген жолақтар реттеледі. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Екінші кезең батыс бөлікті қамтиды – Ахрименко көшесінен бастап «Барлық» базарына дейін. 2025-2026 жылдары іске асырылады. Сондай-ақ, осы кезеңде Райымбек даңғылын Пушкин көшесінен «Шығыс» көлікке ауысып отыру торабына дейін ұзарту жоспарланған», - деп түсіндірді Ерболат Досаев.