Алматы Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесін Хиуаға тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласында «Алматы — Түркі әлемінің 2025 жылғы жастар астанасы» жылының ресми жабылу рәсімі өтті. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.
Салтанатты жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің өкілдері, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, сондай-ақ ұйымдағы бақылаушы ел саналатын Түрікменстанның делегациясы қатысты.
Еске салсақ, 2025 жылғы 21 мамырда Венгрияның Будапешт қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесі берілетінін мәлімдеген еді. Осылайша қала бұл эстафетаны Әзербайжанның Ленкорань қаласынан қабылдап алды.
Бұл мәртебенің берілуі Алматының түркі әлемі жастарының басын қосып, жаңа бастамалар мен ортақ жобаларға жол ашатын беделді жастар орталығы ретіндегі орнын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Аталмыш мәртебе қалаға 2025 жылғы 18 тамызда Түркі мемлекеттері ұйымының IV халықаралық жастар фестивалінің ашылуында берілді.
— Жыл бойы «Түркі әлемінің жастар астанасы — 2025» жобасы шеңберінде түрлі форматтағы 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден 40 мыңнан астам жас қатысты. Атап айтқанда, 3-ші жастар алмасу бағдарламасы, Жас көшбасшылар мен кәсіпкерлер форумы, Turki Fest Almaty — 2025 мәдени фестивалі, TURKICUP — 2025 халықаралық «Жайдарман» ойыны, Түркі мемлекеттері ұйымы Жастар платформасының ІІІ Бас Ассамблеясы және Халықаралық экологиялық хаб секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылды, — делінген хабарламада.
Жоба аясында жастардың бастамаларын қолдау, волонтерлік қозғалысты дамыту және азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына айрықша мән берілді.
Салтанатты рәсім барысында Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесі Алматыдан Өзбекстанның Хиуа қаласына ресми түрде табысталды. Арнайы кілтті тапсыру рәсімі түркі елдері арасындағы достық байланыстардың сабақтастығын, жастар бастамаларының жалғасуын және ынтымақтастықтың нығая түскенін айшықтады.
Айта кетейік, жақында Ыстанбұлда Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығы аталып өтті.