Алматы және Шымкент әуежайының аумағы жеке сектор есебінен ұлғайтылады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде әуежайлар туралы айтсақ, қолайсыз жағдай әсіресе Алматы, Шымкент қаласы және Алматы облысында кездеседі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр депутаттық сауалдың жауабында мәлім етті.
Биыл 1 ақпанда «Ақ жол» партиясының депутаттары Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады. Халық қалаулылары 2019 жылғы Алматыда Bek Air компаниясының ұшақ апатына қатысты жан-жақты тергеуді талап етті. Сонымен қоса, сауалда еліміздегі ғимараттары қауіпті әрі тозған әуежайларды жаңғырту керектігі айтылған. Үкімет басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, бүгінде ұшақ апатына қатысты тергеу аяқталды.
«Тергеу қорытындысы бойынша ұшақтың алдыңғы борттың құйынды ағынына түсу нұсқасы расталмады. Соңғы есеп бойынша апаттың себебі – мұзға қарсы сұйықтықпен өңделмеген, салдарынан ұшақ қанатына мұз қатқан», - деп жауап берді Роман Скляр.
Сондай-ақ, ұшақ апатын тергеу жөніндегі комиссия әуежай маңындағы аумақта жер учаскелерін беру және құрылыс жүргізу жөніндегі талаптарды қатаңдату бойынша және мұз қатуға қарсы қағидаларды бекіту туралы ұсынымдар берді.
«Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бұл ұсыныстарды орындады», - деп толықтырды Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Оның мәлімдеуінше, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тұрақты қадағалауды жүзеге асырады. Кедергілердің болуы проблемасын зерделеу, оларды жою мәселесін шешу, сондай-ақ әуежайлардың аумағы мен маңында болуы мүмкін кедергілердің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде 2019 жылғы «Bek Air» АҚ ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша кінәлі тұлғаларды анықтау үшін тергеу іс-шаралары жалғасуда.
«Алматы қаласының әкімдігі ауданы 17,4 гектар 104 жер учаскесін иеліктен шығарып, әуежайдың ұшу жолағының көлемін кеңейту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Сонымен қатар Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі 7,3 гектар жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулы қабылдады», - деп нақтылады депутаттық сауал жауабында Роман Скляр.
Одан бөлек, Алматы қалалық әуежайының қолданыстағы қоршауын ауыстыру үшін шамамен 60 метр қашықтықта 49 жер учаскесін алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Шымкент қаласы әкімдігі санитарлық-қорғау аймағындағы мемлекет мұқтажы үшін 307 жер учаскесін алып қою туралы қаулы қабылдады. Қалған өңірлерде әкімдіктер алып қоюға жататын жер учаскелерін анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.