«Алматы жастары» бағдарламасына 1 маусымнан бастап өтінім қабылданады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін ұсынатын «Алматы жастары» бағдарламасына биыл 1-15 маусым аралығында өтінім қабылданады. 

«Алматы жастары» бағдарламасына 1 маусымнан бастап өтінім қабылданады
Фото: Алматы әкімдігі

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, өтінімді kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінде орналасқан «Almaty Jastary» сервисі арқылы 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін жолдауға болады. Жүйеге кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. 

Бағдарлама аясында қатысушыларға мынандай мүмкіндіктер ұсынылады:

– несие көлемі 20 миллион теңгеге дейін;

– жылдық мөлшерлеме – 5%;

– бастапқы жарна – 10%;

– бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Жобаға Алматы қаласында тұратын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.

Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:

– Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болу;

– кейінгі бес жылда үміткердің және оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің болмауы;

– Алматыда кемінде алты ай ресми жұмыс өтілі мен міндетті зейнетақы аударымдарының болуы.

Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлеріне, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандарына, журналистерге, әлеуметтік сала өкілдеріне, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларына арналған.

Бағдарлама туралы толық ақпаратты kezekte.kz сайтындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінен табуға болады. Байланыс телефоны: +7 (727) 225-14-57.

Еске салайық, 2025 жылдан бастап «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша несиелендіру мөлшері 18 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.