Алматы жүргізушілеріне ескерту: Райымбек даңғылында BRT құрылысы басталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.

Жоба көше кеңістігін толық қамтып, ғимараттан ғимаратқа дейінгі аралықты – жол, тротуар, жасыл аймақ пен ғимараттардың қасбетін толығымен қайта жаңғыртуды көздейді. BRT жобамы үш бөлікке бөлінген.
Атап айтқанда:
1. Пушкин көшесі – Сейфуллин даңғылы (1,8 км);
2. Сейфуллин даңғылы – Ахрименко көшесі (7,2 км);
3. Ахрименко көшесі – Алтын Орда (7,5 км).
Құрылыс жұмыстарын екі мердігер компания жүргізеді. Бірінші және екінші учаскеде – «Казахдорстрой» ЖШС, ал үшінші учаскеде – «Прогресс KZ» ЖШС.

BRT құрылысы бойынша бірінші кезеңде сәуір айының соңынан маусым айына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Бұл уақытта бір шеткі оң жақ жолақ уақытша жабылады, ал әр бағытта үш жолақпен қозғалыс сақталады.
Екінші кезең, яғни маусым айынан бастап жаңа асфальт төселіп, жол таңбалары сызылып, бағдаршамдар жаңартылады. Сонымен қатар тротуарлар, жасыл аймақтар, велосипед жолдары, балалар және спорт алаңдарын көріктендіру басталады.Осы кезде реверсивті қозғалыс ұйымдастырылады.
– Жөндеу жұмыстары кезеңінде уақытша аялдамалар қойылады. Олар негізгі маршруттарға барынша жақын орналастырылады, - деп хабарлады әкімдіктен.

Негізгі жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда BRT желісінің жалпы ұзындығы қанша болатынын жазғанбыз.