Алматы зообағында бірнеше нысан жанып кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы хайуанаттар бағында түнгі уақытта өрт шықты.
Зообақ баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 маусым түнгі сағат 00:30-дан кейін хайуанаттар бағының аумағында орналасқан, жалға алушыға тиесілі фотосалон бутигі және оның жанында орналасқан экскурсиялық гольф-карлар өртке оранған.
– Оқиға орнына өртке қарсы қызмет бөлімшелері жедел келіп, олардың үйлесімді жұмысының арқасында өрт дер кезінде оқшауланып, толықтай сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері уәкілетті органдар тарапынан анықталып жатыр, - деп хабарлады зообақтан.
Сондай-ақ аталған оқиға салдарынан хайуанаттар бағының мүлкіне зиян келмегені атап өтілді. Қызметкерлер мен жануарлар арасында да зардап шеккендер жоқ. Қазір Алматы хайуанаттар бағы қалыпты режимде жұмысы істеп жатыр.
Еске салайық, өткен жылы Алматы хайуанаттар бағында 31 түрлі жануардан 87 төл дүниеге келді.