Алматы зообағында Прагадан жеткізілген ақ аю өліп қалды

ақ аю
Фото: Pexels

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы зообағына екі ай бұрын Прагадан жеткізілген Том атты ақ аюы өлді.

Бұл туралы Прага зообағының директоры Мирослав Бобек өзінің Facebook парақшасында жазды.

Ол ақ аю 4 мамырда өлгенін, бірақ Алматы зообағы бұл жөнінде оларға 22 мамырда ғана хабар бергенін атап өтті.

«Қазір Алматы хайуанаттар бағындағы жағдай біздікіне қарағанда жақсы, Томның көбеюіне жағдай жасалуы керек еді. Том бізден 28 наурызда ешқандай ауру белгілерінсіз кетті. Біздің білуімізше, Алматыға еш қиындықсыз жеткізілді. Кейін Алматыдан суреттер мен жазбаша есептерді алдық. Ең соңғысы 15 сәуірде «аюдың жағдайы жақсы» деп нақты айтылған», - деп атап өтті ол.

Мирослав Бобек кейіннен Алматы зообағынан ешқандай хабар келмей қалғандықтан, Қазақстанға қызметкерлерін жөнелтуді жөн көргендерін жеткізді.

«Бірақ 22 мамырда Алматы зообағы Томның өлгенін айтты. Олар бұл хабарды неге 18 күн бойы жасырғанын түсінбеймін. Томның өлімі бойынша ашық тергеуді талап етеміз және шағымды Зообақтар мен аквариумдардың еуропалық ассоциациясы Чехияның Қазақстандағы елшілігіне және Қазақстанның Чехиядағы елшілігіне жібереміз», - деп жазды ол.

Ал, әлеуметтік желілерде Чехияның көптеген тұрғыны Алматы зообағына наразылықтарын білдіріп, жан-жақты тексеруді талап етіп жатыр.

Кazinform агенттігі Алматы зообағына мән-жайды толық түсіндіріп беру туралы сауал жолдады.

Соңғы жаңалықтар