Алматыда 1 ГВт-қа жуық жаңа қуат көздері іске қосылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жалпы қуаты 1 ГВт-қа жуық энергия өндіру жобалары жүзеге асырылып, электр желілері күшейтіледі.

Алматыда 1 ГВт-қа жуық жаңа қуат көздері іске қосылады
Фото: Александр Павский/Kazinform

Бұл шаралар электр энергиясын тұтыну көлемі артып келе жатқан тұста Алматы мен Қазақстанның оңтүстік өңірін тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұны Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев Powerexpo Almaty 2026 көрмесі аясында өткен «Алматы энергетикасы: дамудың 105 жылы және жаңа өсу нүктелері» атты пленарлық сессияда мәлімдеді.

Ержан Ертаевтың айтуынша, Алматы елдің энергетикалық жүйесінде ерекше орын алады. Сондықтан министрлік қаланы жекелеген өңірлік мәселе емес, бүкіл энергетикалық жүйе үшін маңызды басымдық ретінде қарастырады.

— Алматыда көмірмен жұмыс істейтін станцияларды жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде қалада шамамен 1 ГВт қосымша қуат іске қосылады. Сонымен қатар KEGOC оңтүстік аймақтағы электрмен жабдықтау жүйесін күшейту үшін «Шу — Жамбыл» желісін салу жобасын іске асырмақ. Қазір «Солтүстік — Оңтүстік» тұрақты ток желісін салу жобасы да қарастырылып жатыр, — деді вице-министр.

Ержан Ертаев
Фото: Александр Павский/Kazinform

Оның айтуынша, Алматының энергетикалық инфрақұрылымын нығайту инвестициялық бағдарламалар мен энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Алматы энергия торабындағы электр желілерін күшейту көзделген.

— Бұл мәселелердің барлығы министрліктің тұрақты бақылауында. Салалық ведомстволармен, әкімдікпен және энергия өндіруші ұйымдармен бірлесіп, өңір энергетикасын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз, — деді Ертаев.

Вице-министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның энергетикалық жүйесінде 254 энергия өндіру көзі бар. Оның ішінде 172-сі — жаңартылатын энергия көздері. Елдегі электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты — 27,1 ГВт.

2025 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі тарихи рекордқа жетіп, 123,1 млрд кВт·сағ болды. Ал тұтыну көлемі 124 млрд кВт·сағатқа жетті. 2026 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 126,5 млрд кВт·сағ болады деп болжанып отыр.

Сұранысты өтеу үшін министрлік 2035 жылға дейінгі электр энергетикасын дамыту жоспарын іске асырып жатыр. Құжатта жалпы қуаты 26,3 ГВт болатын жаңа және жаңғыртылған энергия көздерін іске қосу қарастырылған.

Болжам бойынша, 2027 жылдан бастап жаңа қуат көздерін іске қосу электр энергиясына деген қажеттілікті толық өтеуге мүмкіндік береді. Кейін энергия профициті қалыптасады деген болжам бар. 2029 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын нысандар іске қосылады. Оның ішінде 7,4 ГВт базалық генерацияға, ал 5,9 ГВт басқа қуат көздеріне тиесілі.

Алматыда 1 ГВт-қа жуық жаңа қуат көздері іске қосылады
Фото: Александр Павский/Kazinform

Тағы бір маңызды бағыт — көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру. Жоба аясында жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын жаңа энергия көздерін іске қосу және қолданыстағы нысандарды жаңарту жоспарланған. Атап айтқанда, жиынтық қуаты 5,3 ГВт болатын сегіз жаңа нысан салынады. Бұған қоса, қуаты 2,5 ГВт болатын қолданыстағы 11 энергия көзін жаңғырту, кеңейту және техникалық қайта жарақтандыру көзделген.

Негізгі жобалардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3 станциясын, Курчатов қаласында ЖЭО-3, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу бар.

Сонымен қатар министрлік электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу мәселесімен айналысып жатыр. Ертаевтың айтуынша, тиісті заң жобасы мұндай жүйелердің жұмыс істеуіне қажетті құқықтық және экономикалық тетіктерді қалыптастыруға бағытталған. Бұл инвестиция тартуға, энергетикалық жүйенің икемділігін арттыруға және жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.

Ержан Ертаев
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Маңызды кезеңдердің бірі — Алматыда жалпы қуаты шамамен 1 ГВт болатын бу-газ қондырғыларының құрылысын аяқтау. Бұл жобаларды жүзеге асыру еліміздің энергетикалық тұрақтылығын едәуір нығайтуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Айта кетейік, 21–22 қазанда Алматыда Powerexpo Almaty 2026 халықаралық энергетикалық көрмесі өтіп жатыр. Биыл көрмеге Қазақстан, Қытай, Ресей, Германия, Үндістан, Түркия және Францияны қоса алғанда, 11 елден 288 компания қатысуда.

21 қазанда Энергетиктер форумы аясында «Алматы энергетикасы: дамудың 105 жылы және жаңа өсу нүктелері» атты пленарлық сессия, сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық теңгерегінің болашағы мен жылу энергетикасын жаңғыртуға арналған стратегиялық сессиялар өтті.

22 қазанда атом энергетикасын дамыту, энергетикалық жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ жасанды интеллект пен деректерді өңдеу орталықтарының электр энергиясына сұранысының артуы мәселелері талқыланады.

Еске салайық, Алматыда электр желілеріне жөндеу жүргізілетіндіктен, 19–24 қазан аралығында жарық өшуі мүмкін екені ескертілді.