Алматыда 1 маусымнан бастап электр энергиясының тарифі өзгеруі мүмкін

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «АлматыЭнергоСбыт» компаниясы Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушылары үшін электр энергиясының шекті тарифін көтеру туралы хабарлады. 

Алматыда 1 маусымнан бастап электр энергиясы қымбаттауы мүмкін
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Компания электр энергиясының шекті бағасын көтеру туралы өтінім берді. 

Әзірге бұл түпкілікті шешім емес – жаңа тариф табиғи монополияларды реттеу органымен келісілуі қажет.

Алдын ала болжам бойынша 1 киловатт-сағаттың құны қосылған құн салығын (ҚҚС) есептемегенде 38,66 теңге болады. 

Тұтыну көлеміне қарай ұсынылған шекті тарифтер (ҚҚС-сыз):

– Жеке тұлғалар үшін тариф – 1 киловатт-сағатқа 29,52 теңге;

– Коммерциялық (бей тұрмыстық) тұтынушылар – 38,66 теңге;

– Бюджеттік мекемелер – 111,72 теңге болады. 

Сонымен қатар тұтыну көлеміне байланысты дифференциалды тарифтер де өзгермек (ҚҚС-сыз):

– 1-деңгей – электр энергиясының 1 киловатт-сағатына төленетін тариф 26,80 теңге (қазір – 25,6 теңге);

– 2-деңгей – 35,42 теңге (қазір – 33,11 теңге);

– 3-деңгей – 44,28 теңге (қазір – 41,39 теңге).

– Шекті тарифтің келісілген деңгейі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департаментінің сараптамасынан кейін жарияланады, - делінген компания хабарламасында.

Осыған дейін елімізде электр жарығының шекті тарифі өзгеруі мүмкін екені туралы жазғанбыз. 

Қазір Алматыда тұтынушылардың электр энергиясы бойынша қарызы – 1,2 млрд теңге. 

Соңғы жаңалықтар