Алматыда 100-ден астам адам жаңа жылды айықтырғышта қарсы алды

айықтырғыш
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Алматыда 100-ден астам адам жаңа жылды айықтырғышта қарсы алды. Бұл туралы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Айтуынша, Жаңа жыл мерекесі күндері орталықтың уақытша бейімдеу және детоксикация бөлімі қызметкерлері тәулік бойы мейрамхана, кафелерде, отбасылық дастарқанда алкоголь сусындарын шамадан тыс ішіп, қоғамдық орындар мен отбасында, аулада көпшіліктің мазасын алғандарды қабылдады. Ел аузында «айықтырғыш» деп аталып кеткен бөлімге тұрғындарды полиция қызметкерлері жеткізген.

«Біздің айықтырғыш бөлімі мамандарының мақсаты - мас күйінде жеткізілген адамның есін жиюға көмектесу. Мұнда түскендер 3 сағаттан көп емделеді. Есін жиғаннан кейін ол адамды үйіне жібереміз. Егер мас күйінде есінен айырылып, өз әрекетіне баға бере алмайтын адамды дәрі-дәрмекпен емдеу қажет болса, барлық ем-дом көрсетіледі. Айықтырғышта білікті дәрігер наркологтар, орта және кіші буын қызметкерлері, күзет қызметінің жігіттері еңбек етеді. Кейде мас күйде жеткізілген адам медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш көрсетуі мүмкін. Сондықтан күзет қызметі аталған мамандардың қауіпсіздігін қадағалайды», - дейді орталық басшысы.

Сапар Рахменшеевтің сөзінше, жаңа жылды орталықта қарсы алғандар да бар.Түнімен төбелесіп, таң атқанша алысып, дәрігерлерді әбігерге салатын алматылықтар да аз емес.

Мамандар ер азаматтар есін жиятын бөлімге ащы суға сылқия тойып, полиция қызметкерлерінің жағасына жармасып, ұрыс-айқайы жер жаратын қыз-келіншектердің көбейгеніне алаңдайды.

«Ертегі кейіпкерлерін сомдап, бірнеше мерекелік кеште қимыл-әрекетін бақылау, басқару мүмкіндігінен айырылған өнерпаздар да мерекеде орталықта түнеді. Аяз ата, Қарша қыз, Жалмауыз кемпір, Санта Клаус, аюлар да айықтырғышта есін жиды», - дейді ол. 

Айтуынша, былтыр 11 айда орталықтың уақытша бейімдеу және детоксикация бөліміне 6 мыңнан астам адам жеткізіліпті. Олардың 5 256-ы ерлер, 800-ге жуығы әйелдер. Олардың ішіндегі ең жасы - 19 жаста. 2022 жылғы статистикалық көрсеткішпен салыстырғанда бұл бөлімнің қызметіне жүгінген тұрғындардың саны 10,7%-ға көбейген.

Соңғы жаңалықтар