«Алматыда 100-ден астам үй бұзылуы мүмкін»: Әкімдік Тілендиев көшесін ұзартуға қатысты түсінік берді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін ұзындығы 10,8 шақырым болатын Тілендиев көшесін ұзарту жоспарда. Жоба бойынша 140-тан астам жер телімі сатып алынуы тиіс, бірақ нақты саны кейін белгілі болады. Бұл туралы қала әкімдігі мәлім етті.

Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Алматыдағы Өжет шағын ауданының тұрғындары жалпықалалық маңызы бар Тілендиев көшесінің ұзартылуына наразылық білдіргені туралы ақпарат пайда болды. Баспаналы бұзылады дегенді естіген жұрт әкімдіктен жобаны қайта қарауды сұрады.

Қала әкімдігі Алматыны дамытудың қажетті құрамдас бөлігі - магистральды жолдарды ұзарту екенін атап өтті.

«Былтыр Үкімет Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын бекітті. Жұртшылықпен және сарапшылармен кеңінен талқыланған Бас жоспарда барлық қажетті тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік, көлік және басқа инфрақұрылым қарастырылған. Кез келген қаланы дамытудың ажырамас бөлігі көше-жол желісін жетілдіру. Мәселен, Алматы және Алматы агломерациясының тұрғындары үшін ыңғайлы көлік жүйесін құру үшін бас жоспарда көшелерді жеке сектор арқылы ұзартуды қоса алғанда, кешенді шаралар кешені көзделген. Мысалы, Төле би көшесін ұзарту үшін 270 учаске сүріледі», - деп атап өтті әкімдіктен.

Жалпықалалық маңызы бар маңызды магистральды көшелердің бірі – Тілендиев көшесі. Бас жоспарға және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына (ЕТЖ) сәйкес бұл көшені Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін, ұзындығы 10,8 км ұзарту жоспарда.

«Ұзарту жобасы 2 кезеңге бөлінген. Біріншісі - Рысқұлов даңғылынан Дархан ш/а Сабатаев көшесіне дейін, ұзындығы – 5,8 км. Жоба бойынша 149 жер учаскесі сатып алынады. Қазіргі уақытта жұмыс жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Екіншісі - Сабатаев көшесінен қала шекарасына дейін, ұзындығы – 4,9 км. қазіргі уақытта жоба әзірленуде. Сатып алынатын жер учаскелерінің саны жерге орналастыру жобасы әзірленгеннен кейін айқындалатын болады», - деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Әкімдіктен атап өткендей, Тілендиев көшесінің трассировкасын өзгерту мүмкін емес. Себебі батыс жағында жол салуға болмайтын үлкен сай бар. Жолдың қызыл сызықтарының шығысқа қарай жылжуы сатып алынатын жер учаскелерінің одан да көп болуына әкеледі.

«Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін сатып алу учаске құқықтарының туындау негіздеріне қарамастан нарықтық құны бойынша жүргізіледі», - деп түсіндірді әкімдіктегілер.

Соңғы жаңалықтар