Алматыда 12 жастағы Абылайханның өліміне қатысты іс қандай сатыда
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 12 жастағы Абылайхан Ержанұлының өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, қылмыстық іс әзірге сотқа жолданған жоқ.
— Бұған дейін хабарланғандай, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті дереу ұсталды. Қазіргі уақытта тергеудің жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында сараптамалық зерттеулерді өткізуге уақыт қажет. Барлық тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жіберіледі. Әзірге іс өндірісте, — деді Салтанат Әзірбек.
Еске салайық, биыл 10 маусымда Түрксіб ауданында пышақ жарақатынан 12 жастағы жасөспірім көз жұмғаны белгілі болды. Күдікті ретінде 13 жастағы жасөспірім ұсталған.