Алматыда 1,4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
2023 жылы Алматыда 1 407 этникалық қазақ «қандас» мәртебесіне ие болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
Спикердің сөзінше, былтыр Алматыда 1 407 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.
«Басқарма тарихи Отанына келген этникалық қазақтармен «қандас» мәртебесін беру және ұзарту бойынша жұмыс жүргізуде. Өткен жылы 1 407 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, 151 адам мәртебесін тағы бір жылға ұзартты», - деді Бауыржан Жаубасов.
Сондай-ақ, шетелде тұратын этникалық қазақтардың туыстарын Қазақстанға көшіру үшін 37 адамға шақырту қағазы берілді.
«Басқарманың қызметіне шетелдік білікті қызметкерлерге рұқсат беру, ұзарту функциялары да кіреді. 2023 жылы жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға 1 242 рұқсат берілді, жергілікті бюджетке 738 млн теңге көлемінде салық алымы төленді», - деп атап өтті ол.