Алматыда 15 қыркүйектен бастап кеміргіштерге қарсы дәрілеу жүргізіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл 15 қыркүйек пен 25 қазан аралығында Алматыда кеміргіштерге қарсы күзгі жаппай дәрілеу жүргізіледі.
Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, жалпы көлемі 47 мың гектардан асатын қоғамдық аумақ дәріленеді. Күзгі кезең аясында мамандар жасыл аймақтарды, ашық биотоптарды, кеміргіштердің індерін, арық желілерін, өзендер мен су айдындарының жағалауларын, сондай-ақ қоғамдық көлік аялдамаларының аумақтарын дәрілейді. Ал жеке сектор тұрғындарына арнайы жем тегін таратылады. Жеммен бірге оны қауіпсіз әрі дұрыс қолдану тәртібі түсіндіріліп, тиісті нұсқаулық беріледі.
- Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 107-бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалар дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті. Сол себепті жеке аумақтар, жер учаскелері, ғимараттар мен құрылыстарды дәрілеу жұмыстарын олардың иесі жүргізеді, - деп нақтылады басқармадан.
Негізінен көппәтерлі тұрғын үйлердің жертөлелері, шатырлары, баспалдақ алаңдары мен аула аумақтарымен қатар, ортақ мүліктегі дератизация жұмыстары ПИК немесе МИБ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Еске салайық, елде зиянкестерден қорғанудың жаңа биологиялық технологиясы әзірленді.