Алматыда 15 мың қыз адам папилломасы вирусына қарсы вакцина алды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцинациялау жүріп жатыр.

вакцина
Фото: Астана әкімдігі

Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Райхан Болатбекованың айтуынша, науқан басталғалы бері 11–13 жас аралығындағы 15 398 қыз бала екпе алған. Оның ішінде 2024 жылы вакцинациядан 5077 қыз өтсе, былтыр бұл көрсеткіш 7544 болған. Биыл қаңтар-мамыр айларында тағы 2777 жасөспірім екпе салынды.

— Вакцинадан Алматыда ауыр жанама әсер алған бірде-бір адам тіркелген жоқ. Бұл қолданылып жатқан вакцинаның толық қауіпсіз екенін дәлел бола алады, — деді Райхан Болатбекова.

Оның айтуынша, 2026 жылдың мамыр айында Қазақстанда 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі жасөспірім қыздарға арналған қосымша вакцинациялау жұмысы ресми түрде басталды. Вакцинация ата-ананың немесе заңды өкілдердің жазбаша келісімімен ерікті түрде жүргізіледі. Екпе мектептердің, колледждердің медициналық кабинеті мен аумақтық емханаларда ұйымдастырылған.

Сондай-ақ маман вакцинаның бедеулікке алып келетіні туралы ақпарат жалған екенін атап өтті. Айтуынша, вакцина құрамында тірі вирус жоқ және ол ауру туғызбайды.

— HPV-ге қарсы вакцина бедеулікке алып келеді деген пікір — ғылыми тұрғыда жоққа шығарылған жалған ақпарат. Керісінше, вакцина жатыр мойны обырынан қорғай отырып, репродуктивтік денсаулықты сақтауға көмектеседі, — деп түсіндірді Райхан Болатбекова.

Алматы онкологиялық орталығының мәліметінше, скринингтік бағдарламалар мен профилактиканың ұлғаюының арқасында қалада жатыр мойны обыры мен обырға дейінгі жағдайды ерте анықтау көрсеткіші артқан. Қалада жыл сайын жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған скринингтен 90 мыңнан астам әйел өтеді. 2025 жылы осы диагнозбен 179 пациент есепке алынған, олардың 60%-дан астамында ауру бірінші сатысында анықталды.

Еске салайық, круиздік лайнерде тіркелген хантавирус жаңа вакцинаны жасауды жеделдетті.