Алматыда 16 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 127 адам құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласы Бостандық ауданы Абай даңғылы бойындағы 16 қабатты тұрғын үйдің 9-қабатында орналасқан пәтерде жиһаз өртенді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, оқиға орнына құтқарушылар шақыртудың жоғары дәрежесі бойынша жіберілді.
— Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде кіреберісті қою түтін басқаны анықталды. ТЖМ қызметкерлері тұрғындарды дереу эвакуациялауға кірісті, — дейді төтенше жағдай қызметкерлері.
Министрлік атап өткендей, оқиға орнында өрт сөндіру жедел штабы құрылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары тұрғындарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарына жіберілді. Сонымен қатар жұмыстарды жүргізу үшін өрт сөндіру автосатысы орнатылды.
— Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде түтін басқан аймақтан баспалдақ маршы арқылы 42 адам эвакуацияланды, ал құтқару қалпақтарының көмегімен 85 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды. Өрт жедел түрде сөндірілді. Зардап шеккендер туралы 112 ақпарат түскен жоқ, — дейді олар.
Осыған дейін Алматыда кабельдік шахтадағы өртке байланысты жедел штаб құрылғанын жаздық.