Алматыда 1979 жылы пайдалануға берілген құбыр ауыстырылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Қала әкімдігі Гоголь көшесінің солтүстігінде, Әуезов және Розыбакиев көшелері арасындағы өнеркәсіптік аймақта орналасқан құбыр ауыстырылатынын хабарлады. Құбыр 1979 жылы пайдалануға берілген.
– Жалпы ұзындығы 1,2 шақырым болатын жылу трассасы қаладағы 120-дан астам нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Алмалы және Жетісу аудандарының тұрғындарын жазғы маусымда тұрақты ыстық сумен қамтамасыз ету үшін уақытша құбыр желісі тартылады, - деп хабарлады «Алматы жылу жүйесі» ЖШС.

Уақытша құбыр желісін қосу үшін 2025 жылдың 2 мамырында сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін Төле би – Каримов – Рысқұлов – Чокин көшелерінің аумағындағы бірнеше тұрғын және басқа да ғимараттарға ыстық су беру шектеледі.
Жалпы биыл қала бойынша 39 км жылу желісін реконструкциялау жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Қонаев қаласында 1 күн ыстық су болмайтынын жазғанбыз.