Алматыда 199 мыңнан астам студент білім алып жатыр

АЛМАТЫ.KAZINFORM – Алматы — Қазақстанның ең ірі студенттік орталығы, онда 199 мыңнан астам студентті оқытатын 35 ЖОО бар. Оның 124 мыңнан астамы — өзге қалалардан келгендер. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Almaty Students Week акциясының басталуына арналған баспасөз конференциясында айтылды. 

Студенттер
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Негізгі спикерлер ретінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бекқайыров және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттік омбудсмені Нұрбақыт Әлібек қатысты.

Студент
Фото: Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Нұрсұлтан Бекқайыров атап өткендей, жыл сайын, 17 қарашада бүкіл әлемде 1946 жылы Дүниежүзілік студенттер конгресінде құрылған Халықаралық студенттер күні атап өтіледі. Осы күн қарсаңында, 11-17 қараша аралығында Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы Almaty Students Week фестивалін өткізеді.

«Фестивальдің мақсаты - студенттер үшін белсенді және қолдаушы орта құру, талантты жастар мен болашақ пікір көшбасшыларын анықтау. Фестиваль сонымен қатар университетаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және әртүрлі факультеттер мен оқу орындарының студенттері арасында достық және іскерлік байланыстар құруға бағытталған. Білім мен идеялармен алмасуға арналған мұндай платформа кәсіпқойлардың жаңа буынын қалыптастыра отырып, бірлескен жобалар мен бастамалар үшін негіз бола алады», - деп атап өтті Нұрсұлтан Беккайыров.

«Almaty Students Week» негізгі аспектісі - студент жастардың бірлігі және патриоттық рухын тәрбиелеу. Фестиваль аясында 17 мыңнан астам жасты қамтитын 30 түрлі іс-шара өтеді.

«Almaty Students Week» — бұл жай ғана мереке емес, қазіргі заманғы сын-қатерлерді шешуге дайын және елдің дамуына елеулі үлес қоса алатын неғұрлым белсенді және ұйымшыл студенттер қауымдастығын құру жолындағы маңызды қадам», - деп қорытындылады Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттік омбудсмені Нұрбақыт Әлібек.

Еске сала кетейік, бұған дейін студенттерді әскерге тартудың тәртібі өзгеретінін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар