Алматыда 2 мыңға жуық адамды кене шақты, біреуінен энцефалит табылды

кене
Фото: freepik.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 1927 адамды кене шақты. Оның 911-і бала. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім етті.

Департамент мәліметінше, кене белсенділігі маусымы басталғаннан бері 2024 жылдың 20 маусымдағы жағдай бойынша кене шаққан 1927 адам медициналық ұйымдарға жүгінді.

Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 47,2 пайыз (911).

Барлығына шұғыл медициналық көмек көрсетілді, көрсеткіш бойынша кенеге қарсы иммуноглобулин енгізілді. 

«Осы жылы ересектер арасында кене энцефалитінің 1 жағдайы тіркелді», - делінген хабарламада. 

Ведомство өкілдері кене шағып алған жағдайда мүмкіндігінше ертерек, кене шаққаннан кейін 4 күннен кешіктірмей медициналық мекемелердің көмегіне жүгіну керектігін ескертті. 

Сондай-ақ Алматы қаласында орман алқаптарын, халықтың жаппай демалатын жерлерін – саябақтарды, скверлерді кенеге қарсы өңдеу жүргізілді.

14 мамыр мен 11 маусым аралығында барлығы 2000 гектардан астам аумақ өңделді.

Соңғы жаңалықтар