Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда 20 мыңнан астам жастың басын қосқан 10 күндік мереке өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған ALMA LOVE 2026 ауқымды жастар фестивалі басталды. 2-12 тамыз аралығында өтетін фестиваль аясында білім беру, мәдениет, спорт, экология, волонтерлік және қоғамдық бастамаларды қамтитын ондаған іс-шара ұйымдастырылып, оған 20 мыңнан астам жастың қатысуы күтілуде.

ы
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестиваль бүгінде қала жастарын біріктіретін ең ірі алаңдардың біріне айналған. Биылғы ALMA LOVE «Қала сенен басталады» тұжырымдамасымен өтуде. Бұл идея жастардың қаланың дамуына, қоғамдық өмірге және оң өзгерістерге бастамашы болатын негізгі күш екенін айқындайды.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбектің айтуынша, фестиваль мемлекеттік жастар саясатының негізгі басымдықтарына толық сәйкес келеді және Мемлекет басшысы айқындаған құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

– Фестиваль тұжырымдамасы мемлекеттік жастар саясатының негізгі басымдықтарына толық сәйкес келеді және Мемлекет басшысы айқындаған құндылықтарды дәріптейді. Бүгінде жастардың жауапкершілігін, жасампаздық мәдениетін және қоғам өміріне белсенді қатысуын қалыптастыру аса маңызды. ALMA LOVE – бұл мерекелік алаң ғана емес, жастардың жаңа білім алып, өз мүмкіндігін жүзеге асырып, жаңа бастамаларға жол ашатын кеңістік, – деді Азиз Қажденбек.

Оның айтуынша, фестиваль аясындағы барлық іс-шаралар ҚР Президентінің «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» жалпыұлттық бастамаларын қолдауға бағытталған. Бағдарлама жастар арасында қоршаған ортаға жанашырлықты, қоғамдық құндылықтарды құрметтеуді, заңға бағыну мәдениетін және ел болашағына деген жеке жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді.

Фестивальдің алғашқы күні EcoVibe экологиялық челленджімен басталды. Оның аясында жүздеген жас қаладағы аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарына қатысып, экологиялық акцияларға атсалысты. Сонымен қатар 3 тамыздан бастап JasVibe қалалық жобасы іске қосылып, брендтелген автокөлік пен JasAlmaty маскоты Алматы көшелерінде фестивальдің мерекелік атмосферасын қалыптастырып, тұрғындарды бағдарламамен таныстыруда.

Ұйымдастырушылар фестиваль бағдарламасында жастардың зияткерлік және тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. 4 тамыз күні қаланың комьюнити орталықтарында қаржылық сауаттылық, экологиялық жауапкершілік, саналы тұтыну және азаматтық белсенділік тақырыптарына арналған LEVEL UP интеллектуалдық ойындары өтеді.

5 тамыз күні Арбат алаңында Avenue Talent жобасы ұйымдастырылып, жас әншілер, музыканттар, ақындар, бишілер мен суретшілер өз шығармашылығын көпшілік назарына ұсынады.

Фестивальдің басты оқиғаларының бірі – 6 тамызда өтетін ALMA LOVE Talks жастар форумы. TED форматында ұйымдастырылатын кездесулерге кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар, қоғам қайраткерлері мен пікір көшбасшылары қатысып, жастармен тәжірибе бөліседі.

Бағдарлама аясында 7 тамызда Сайран көлінің жағасында ашық аспан астындағы кино көрсетілімі ұйымдастырылады. 8 тамызда JasAlmaty Cup – 2026 футбол турнирі өтсе, 10 тамызда Youth Nomads ұлттық ойындар фестивалі және «Абай жағалауда» мәдени-ағартушылық жобасы басталады. Ал 10–11 тамыз күндері көшбасшылық, инновациялар, волонтерлік, психикалық денсаулық және халықаралық жастар ынтымақтастығы тақырыптарына арналған халықаралық UNICEF Жастар форумы – 2026 ұйымдастырылады.

Фестивальдің қорытындысы 12 тамыз күні «Шабыт» жазғы амфитеатрында өтетін ALMA LOVE гала-концертімен түйінделеді. Мерекелік кеште танымал қазақстандық өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, белсенді жастар марапатталады. Сонымен қатар концертке балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қоғам қайраткерлері қатысады.

Фестиваль күндері әлеуметтік жобалар көрмесі, жастар бастамалары аймағы, игі істердің цифрлық платформасы, кітап кеңістігі, спорттық және ойын алаңдары, шығармашылық шеберлік сабақтары мен Алматыға деген сүйіспеншілікті насихаттайтын заманауи арт-инсталляциялар жұмыс істейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ALMA LOVE 2026 білім, мәдениет, спорт, шығармашылық, волонтерлік және қоғамдық бастамаларды тоғыстырған Қазақстандағы ең ірі жастар фестивальдерінің бірі ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдейді. Фестивальдің негізгі мақсаты – қаланың дамуы әрбір жас азаматтан басталатынын, ал Алматыға деген сүйіспеншілік жауапкершілікпен, жасампаздықпен және ортақ игілікке үлес қосудан көрінетінін көрсету.