Алматыда 2 000 орындық мектеп салынып жатыр

мектеп
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Құлжа тас жолының оңтүстігінде, Медеу ауданындағы «Шығыс қақпасы» жаңа полиорталығының аумағында 2000 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Алматы әкімі Ерболат Досаев құрылыс алаңына барды.

Қала әкімі мектепке кіреберіс жолды және тұрақ кеңістігін жайластыру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Осы мақсатта жылдамдық режимін шектеу енгізіледі және реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері жабдықталады.

Сондай-ақ, шаһар басшысы нысанның инженерлік желілерін жалпықалалық желілерге уақтылы қосу және көрсетілген мерзімде құрылысты аяқтау қажеттігін атап өтті. 

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Саттаровтың айтуынша, мектеп үш қабатты болады, асхана төменгі қабатта, жертөледе орналасады. Аумақта үлкен стадион қарастырылған. 

Жаңа жол қозғалысы ережесі бойынша жоспарланған тұрақ орнында жасыл аймақ жабдықталады. Автокөліктер үшін бөлек тұрақ болады. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру жоспарда.

алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Медеу ауданының «Думан», «Думан-2», «Атырау», «Кеңсай» және «Алатау» шағын аудандарында тұратын балалар жаңа мектепке бара алады. 

Бұл аталған шағын аудандарда орналасқан қолданыстағы үш — № 98, № 99 және№ 64 мектептердің жүктемесін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Алматыда Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 36800 оқушыға арналған 22 мектеп салынуда.

Олар іске қосылған кезде, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша оқушы орындарының тапшылығы басқарылатын деңгейге дейін 3-4 мың орынға дейін төмендейтін болады.

Басты міндет — 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу. 

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Prometheus school білім беру ұйымын аралап көрген болатын. 

техника
Фото: Алматы әкімдігі

Рrometheus school былтыр 9 қарашада ашылған. Мектеп 840 оқушыға арналған. Аумағы — 12 мың шаршы метр. Білім беру мекемесін салу үшін 5,2 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Аз қамтылған отбасылардың дарынды балалары үшін білім гранттары бөлінеді. Мектеп жыл сайын грант санын арттыруды жоспарлап отыр.

Қор директоры әрі мектептің бақылаушылар кеңесінің төрағасы Досым Бесбайдың айтуынша, 1400 оқушыға арналған «ФизТех» мектебін ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл мектеп түлектердің әлемдегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік туғызу үшін сапалы білім беруді көздейді.

Мектеп құрылысын биыл қараша айында аяқтау жоспарланған. 

Жобаға тартылған инвестиция көлемі — 3,9 млрд теңге. 

Соңғы жаңалықтар