Алматыда 2025 жылы Абай және Саин көшелерін ұзарту жұмыстары толық аяқталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда келесі жылы бірқатар жолайрықтар ашылып, ұзартылған көшелер қолданысқа берілмек. Бұл туралы қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Дорога автомобиль Алматы жол көлік
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Мәселен, 2025 жылы Сейфуллин даңғылы — Жансүгіров көшесінің қиылысында және Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі Саин көшесінің, сондай-ақ Абай даңғылының қала шекарасына дейінгі қиылысының құрылысын аяқтау жоспарланған.

Келесі жылдың шілде айында Саин көшесі Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін жалпы ұзындығы 3,2 шақырымғк ұзартылады, соның арқасында Момышұлы көшесінен көлік жүктемесінің 40%-ға төмендеуі күтіліп отыр.

Сондай-ақ мамыр айында Абай даңғылының Б.Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейінгі аралығы пайдалануға беріледі. Ұзартылған көшенің жалпы ұзындығы — 5,3 км. Жолдың екі жағында алты жолақты болады және веложолдар мен тротуарлар бар.

Маусым айында Жансүгіров көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысындағы жолайрықтың іргелес аумағын абаттандырып, құрылысты толық аяқтау жоспарланған.

— Жоба Сейфуллин даңғылында көліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 690 метр болатын 2 тоннель салуды көздейді. Көлік құралдары Жансүгіров көшесі бойынша өтетін болады. Сондай-ақ 4 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу, тротуарлар және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған, — деп хабарлады мәслихаттан.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңа үлгідегі көлік тұрақтары пайда болатынын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар