Алматыда 2027 жылы қала орталығында пиротехника қолдануға тыйым салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2027 жылдың 8 қаңтарынан бастап төмен шығарындылар аймағында (LEZ) атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған бірқатар экологиялық талап күшіне енеді.

в
Фото: Алматы әкімдігі

Алматының Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, келесі жылы күшіне енетін тыйымдардың бірі - пиротехникалық бұйымдарды қолдану, яғни отшашу. Жаңа талап Алматы қаласының Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларында қарастырылған.

- Бұл шектеу тұрғындар еркін сатып ала алатын петарда, отшашу, салют және басқа да пиротехникалық өнімдерге қатысты болады. Дегенмен бұл норма Алматының барлық аумағында бірден қолданылады дегенді білдірмейді. Шектеу тек төмен шығарындылар аймағының шекарасы белгіленгеннен кейін сол аумақта күшіне енеді, - деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, қазір Алматының Бөгенбай батыр, Желтоқсан көшесі, Абай даңғылы және Достық даңғылы арасында орналасқан аумағында пилоттық режимде LEZ аймағы жұмыс істеп тұр.

Бұған дейін Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев пилоттық аймақта 134 жол белгісі орнатылып, 15 көшеге жол таңбасы салынғанын атап өтті.