Алматыда 2027 жылы өрт-құтқару спорты бойынша екі әлем чемпионаты өтеді
АСТАНА. KAZINFORM- 2027 жылы Алматыда өрт-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы XVI әлем чемпионаты, сондай-ақ қыздар мен жасөспірім қыздар арасындағы XII әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан тарапы алдағы жарыстарға дайындық барысы мен Алматы қаласының спорттық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктерін Австрияда өтіп жатқан Халықаралық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының (ХӨСҚСФ) XXVII халықаралық конференциясында таныстырды.
2026 жылғы 20–23 қараша аралығында Австрияның Нойзидль-ам-Зе қаласында өтіп жатқан конференцияға 20 елдің өкілдері қатысып жатыр. Қазақстан атынан іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов және «Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дәурен Данаев қатысып жатыр.
Конференция аясында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, Федерация қызметін жетілдіру, сондай-ақ 2027 жылы өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстарды ұйымдастыру мәселелері қарастырылуда.
Іс-шара барысында Рамиль Камалов жасөспірімдер мен юниорлар, қыздар мен жасөспірім қыздар арасындағы өткен әлем чемпионаттарының бас төрешісі ретінде баяндама жасады. Ол жарыстарды ұйымдастыру және өткізу барысы, олардың нәтижелері мен төрешілік жұмыстың негізгі аспектілері туралы ақпарат ұсынды.
Конференция қатысушыларының ерекше назары 2027 жылы Қазақстанда өтетін халықаралық жарыстарға ауды. Таныстыру барысында қазақстандық тарап Алматы қаласының спорттық және ұйымдастырушылық инфрақұрылымы, қатысушыларды орналастыру, жаттығулар мен жарыстарды өткізу мүмкіндіктері, сондай-ақ алдағы әлем чемпионаттарына дайындық жұмыстары туралы мәлімет берді.
Мұндай деңгейдегі жарыстарды өткізу Қазақстандағы өрт-құтқару спортының дамуына, халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттыруға маңызды үлес қосады.
Сонымен қатар конференция аясында Қазақстан делегациясының өкілдеріне Халықаралық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының 25 жылдығына орай мерейтойлық медальдар табысталды.
-Қазақстанның халықаралық конференцияға қатысуы өрт-құтқару спортын дамытуға, халықаралық байланыстарды кеңейтуге және ұлттық федерациялар мен өрт-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұстанымын көрсетеді,-делінген хабарламада.
Қазақстандық құтқарушылардың биыл қанша адамды аман алып қалғаны туралы мына материалдан білуге болады.