Алматыда 219 км жаңа сумен жабдықтау желісі салынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда биыл 219 шақырым жаңа сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды.
«Биыл 9 айда 219 км жаңа су құбыры және су бұру жүйелері салынды, 27,3 км қолданыстағы желілер жаңғыртылды. 2025 жылы тағы 260 км құрылыс және 87 км желіні жаңғырту жоспарланған»,- деп хабарлады Алматы қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы.
Электрмен жабдықтау саласында қаңтардан қыркүйекке дейін 66 км желі қайта құрылды. 2025 жылы тағы 123 шақырым желіні жаңғырту жоспарда. Сондай-ақ, Алматы қаласының электр желілерін 2030 – 2040 жылға дейін дамыту схемасы әзірленді.
«Алматыда сапалы жылумен жабдықтау үшін 20 км желі қайта құрылды. «АТКЭ» ЖШС 4 қазандықты жаңартылып, 81 қазандықты жөндеуден өткізді. Бұл желілердің тозуын 57,9%-дан 56,1%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Қазіргі жылыту маусымына 140% көмір және 100% мазут қоры жиналды. Барлығы 404 білім беру нысаны, 128 денсаулық сақтау нысаны және 8 863 тұрғын үй қамтылды»,- деп атап өтті әкімдіктен.
Осылайша, қабылданып жатқан шаралар 2025 жылы сумен жабдықтау желілерінің тозуын 53,5%-ға, су бұруды 55,2%-ға, электрмен жабдықтауды 64%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.