Алматыда 24 автономды кітапхана іске қосылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының қоғамдық орындарында алғаш рет кітап беруге арналған заманауи автоматтар орнатылды.

«Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» директоры Мейрам Бектембаевтың сөзінше, осындай 24 дербес кітапхана тоғыз метро станциясында орнатылды. Сондай-ақ мегаполистегі ірі сауда үйлері мен Медеу және Түрксіб аудандарының жастар комьюнити-орталықтарында жұмыс істеп тұр.

– Осы автоматтардың көмегімен оқырмандар дәстүрлі кітапханаға бармай-ақ кітаптарды таңдап, ала алады. Сондай-ақ әдебиеттерді 24 автоматтың кез келгеніне немесе қалалық кітапханалар филиалына қайтара алады. Ол үшін оқырман билеті болуы керек. Егер ол болмаса, тіркеуден өтіп, «қала оқырмандары клубына қосылуға» болады. Арнайы бұл үшін аппараттардың жанында барлық тіркелгісі келген оқырмандарды тіркеп, билет бере алатын кітапхана қызметкерлері уақытша жұмыс істейтін болады, – деді спикер ӨКҚ өткен баспасөз мәслихатында.
Алматы мәдениет басқармасына қарасты кітапханалардың барлық жұмысы автоматтандырылған. 1,3 миллионнан астам кітапты құрайтын бүкіл кітап қорының бірыңғай есебі құрылды.

Қызметкерлер электронды каталог жүргізеді. Әдебиеттердің кімнің қолында екенін жедел қадағалайды. Бұл қызмет көрсетуді едәуір жылдамдатады. Кітаптар мен олардың қолжетімділігі туралы барлық ақпарат бірыңғай мәліметтер базасынан алуға болады. Ал қорларды пайдалану статистикасы қызметкерлерге әдебиетке деген сұранысқа талдау жасауға көмектеседі.

2024 жылы қалалық кітапханаларға 3 миллионнан астам келушілер тіркелген. Айта кетейік, қала кітапханаларының 95%-ы жаңғыртылған.

Айта кетейік, Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар бар.

Еске салайық, 2023 жылдың маусым айында Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев 24/7 (тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн) режимде жұмыс істейтін кітапхана құру идеясын айтқан болатын.