Алматыда 25 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылды
Алматыда шетелдік 25 072 автокөлік заңдастырылды, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Алматыда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік көліктерді бір реттік заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Биылғы жылдың 23 қаңтарынан бастап мұндай көліктерді мемлекеттік тіркеу жүргізілуде. Мәселен, осы науқан басталғалы Алматыда 25 мың 072 көлік тіркелген. Бұл жұмыс биыл 31 желтоқсанға дейін заңдастыру талаптарына сай келетін көліктер бойынша жүргізіліп жатыр», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Еске салайық, өткен жылы шетелдік автокөліктерді заңдастыру тәртібін белгілейтін Үкімет қаулысы әзірленген болатын.