Алматыда 250 мыңнан астам зейнеткер тұрады
АЛМАТЫ. KAZІNFORM – 2024 жылы Алматының белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына 6073 адам келді. Ал, көрсетілген қызмет көлемі 313 мың теңгеге дейін өсті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында орталық басшысы Сәуле Бекетаева мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, олардың шығармашылық және әлеуметтік өзін-өзі жүзеге асыруы үшін жағдай жасау, сондай-ақ пайдалы бос уақытты ұйымдастыру - әлеуметтік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі.
– Қазақстан тарихында тұңғыш рет орташа өмір сүру ұзақтығы рекордтық көрсеткішке жетті – 74,44 жас, ал Алматыда ол 78 жасты құрайды, бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш. Мегаполисте жалпы 250 мыңнан астам зейнеткер тұрады.
Орталықтар білім беру бағдарламалары мен тренингтерден бастап денешынықтыру, йога, би және шығармашылық шеберханаларға дейін 40-тан астам тегін қызмет түрін ұсынады. Егде жастағы азаматтар арасында «Айкуне» ұлттық жаттығулары, кескіндеме курстары, хор, қолөнер және агротерапия ерекше танымал. 2024 жылғы мәліметтер бойынша, келушілер арасындағы депрессия деңгейі 50% – ға, ал жалғызсырау 55% - ға төмендеді. Қатысушылардың 70% - дан астамы жалпы денсаулықтың, көңіл күйдің және белсенділіктің жақсарғанын айтады,– деді Сәуле Бекетаева.
Жыл сайын қызметтер мен келушілер саны арттып жатыр. 2022 жылы 833 адам қызмет алса, 2024 жылы олардың саны 6 073-ке дейін жетті, ал көрсетілген қызметтер көлемі сол кезеңде 12 мыңнан 313 мыңға дейін өсті.
– Сондай-ақ, орталықтардың қатысушылары шығармашылық алаңдарда өздерін белсенді көрсетеді. «Айналайын» ансамблі халықаралық өнер байқауында гран-при жеңіп алды, ал «Алматы әжелері» егде жастағы модельдер жобасы Италиядағы сән апталығында Қазақстанды таныстырып шықты. Көрмелер, театр қойылымдары мен концерттер ұйымдастырылып тұрады,– дейді спикер.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр ел халқының саны 20 млн-нан асқан.