Алматыда 288 мүмкіндігі шектеулі адам техникалық оңалту құралымен қамтылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл мүгедектігі бар 288 алматылықты оңалтудың инновациялық техникалық құралдарымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 396 550 мың теңге бөлінді.

мүмкіндігі шектеулі
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласы әкімдігінен атап өткендей, 2023 жылы мемлекеттік сатып алу арқылы 1 390 млн теңгеге 433 адам оңалтудың инновациялық техникалық құралдарымен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, 150 протез, 200 арба, 76 сөйлеу процессоры және 7 сүйек өткізгіш есту аппараты.

«2024 жылы мүгедектігі бар 288 адамды оңалтудың инновациялық техникалық құралдарымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1 396 550 мың теңге бөлінді. Осылайша, 208 адамға 804 050 мың теңгенің арбасы берілді, 60 адамның протездік-ортопедиялық құралдарына 472 500 мың теңге жұмсалды, 20 адамның сөйлеу процессоры, сүйек өткізгіштігі бар есту аппаратына 120 000 мың теңге жұмсалды», - деп хабарлады әкімдіктен.

Арнайы жабдық алғандардың бірі Бауыржан Мекенбайұлы, мүгедек арбасының сапасы жоғары екенін айтты.

мүмкіндігі шектеулі
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

«Мен мүгедектер арбасына өте риза болдым. Арбаның дизайны өте жоғары деңгейде жасалған, материалдардың сапасы да жақсы. Орындық өте ыңғайлы және жайлы, жұмсақ жастықтары бар, жүріп-тұруға өте ыңғайлы. Арба жеңіл әрі оңай бұрылады, тіпті тар бөлмеде де басқару оңай. Мұндай арбалар өмір сапасын жақсартуға көмектесіп, күнделікті өмірде ыңғайлылық пен жайлылықты қамтамасыз етеді» - деді Бауыржан Мекенбайұлы.

Соңғы жаңалықтар