Алматыда 3 мыңнан астам бала қызылша жұқтырған

Алматы қаласында қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Наурыз айынан бері шаһарда қызылшамен ауырғандар бойынша зертханалық расталған 4100 жағдай тіркелді. Олардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Kazinform. 

Алматыда 3 мыңнан астам бала қызылша жұқтырған
Фото: pixabay

Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, балалар арасындағы аурушаңдық негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен болып отыр.

«2023 жылдың наурыз айынан бастап қызылшаның 4100 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 3128 жағдай (76,3%), 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында – 162 (3,9%) және ересектер арасында – 810 (19,7%). 3128 баланың 2990-ы қызылшаға қарсы егілмеген (95,5%), оның ішінде вакцинациядан бас тарту себебінен – 2096 (70,1%), медициналық қарсы көрсетілімдер – 411 (13,7%) және 476 (15,9%) жағдайда егу жасына жетпеген», - дейді департамент басшысы.

2023 жылдың 10 қарашасы мен осы жылдың 3 қаңтар аралығында қалада қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау шеңберінде барлығы 80 343 адам қамтылды.

«Оның ішінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі 6952 бала, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар – 27 950, медицина қызметкерлері – 8676 және басқа жастағы бұрын қызылшаға қарсы жоспарлы екпе алмаған (вакцинация курсы толық емес) 36 765 бала бар. Қазіргі уақытта қалада вакцина жеткілікті мөлшерде бар. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді», - деді Қасымхан Алпысбайұлы.

Соңғы жаңалықтар