Алматыда 300 мың шаршы метрден астам жол таңбасы сызылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, көлік қозғалысын жүйелеу және жолда қозғалыс тиімділігін арттыру мақсатында жол бойындағы таңбаларды сызу жұмыстары басталды. Жалпы жұмыс көлемі кемінде 300 мың шаршы метр жол таңбасын қамтымақ.

- Таңбалар негізінен түнгі уақытта сызылады. Бұл көлік қозғалысына түсетін жүктемені азайтып, жұмысты жедел әрі тиімді орындауға жағдай жасайды. Жұмыстар кезең-кезеңімен, басым учаскелерді, көлік қозғалысының қарқынын және тұрғындардың өтінішін ескере отырып жүргізіледі, - деп хабарлады ведомство.
Одан бөлек биыл қала бойынша 2 мыңнан астам жаяу жүргінші өткелін жаңарту жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Тілендиев көшесінің батысына қарай Сәтбаев көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер өткелінде жаңа проекциялық жарықтандыру орнатылды.
Сондай-ақ Алматы облысының жолдарында лазерлік жүйелер енгізілгенін жазғанбыз.