Алматыда 35 млн теңгені өндіруге кедергі келтірген жеке сот орындаушысы сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының прокуратурасы жеке сот орындаушының борышкердің банк шоттарынан бұрын салынған тыйым салуларды заңсыз алғандығын анықтады.
Жеке сот орындаушының заңсыз әрекеттері нәтижесінде борышкер өндіріп алуға жататын ақша қаражатына өз бетінше билік ету мүмкіндігіне ие болған. Бірақ өндіріп алушыға 35,6 млн теңге көлеміндегі ақша аударылмаған.
— Сот үкімі бойынша жеке сот орындаушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 251-бабы 1-бөлігімен (жеке сот орындаушының өкілеттігін теріс пайдалануы) кінәлі деп танылды. Сот оған жеке сот орындаушы қызметімен айналысу құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Павлодар облысында 53 жеке сот орындаушысы 535,6 млн теңге кірісін жасырғанын жазғанбыз.