Алматыда 35 заңсыз мигрант депортацияланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері 35 заңсыз келімсекті Отанына қайтарған. Полицейлер оларды «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы барысында анықтады.

мигранты
Фото: Polisia.kz

Полиция департаментінің хабарлауынша, депортацияланған мигранттар - Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының азаматтары. Олардың ішінде 21 шетел азаматы Қазақстаннан өз бетінше шығу туралы сот шешімін орындамағаны үшін ұсталған.

«Іс-шара басталғалы 832 көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 83 шетелдік Қазақстаннан шығарылды. Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 319 шетелдік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің ҚР-да болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 177 қабылдаушы тарапқа айыппұл салынды. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 23 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Полиция департаментінің қабылдап-таратуына жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 171 шетелдік орналастырылды», - деп хабарлады Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Бутунчинов.