Алматыда 3D технологиялары арқылы жеке ортездер жасайтын алғашқы мемлекеттік зертхана ашылды

АСТАНА. KAZINFORM - Алматыда Қазақстандағы жеке ортездерді жобалау және жасау жөніндегі алғашқы мемлекеттік зертхана ресми түрде ашылды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

3D технологиялары арқылы жеке ортездер жасайтын алғашқы мемлекеттік зертхана
Фото ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Жаңа зертхана Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының базасында құрылды. Ол балалар мен ересектерге жеке протездік-ортопедиялық көмек көрсететін заманауи орталыққа айналады.

Зертхананы құру отандық оңалту жүйесін одан әрі дамытуға, оңалтудың заманауи техникалық құралдарының қолжетімділігін арттыруға және оларды жобалау мен өндіру процесіне цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.

3D технологиялары арқылы жеке ортездер жасайтын алғашқы мемлекеттік зертхана
Фото: ҚР Еңбек және халықты әдлеуметтік қорғау министрлігі

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік қорғау және оңалту саласының мамандары қатысты.

Қонақтарға жаңа зертхананың мүмкіндіктері мен жеке ортезді дайындаудың толық технологиялық циклі көрсетілді. Ол адамды бастапқы тексеру мен цифрлық 3D-сканерлеуден басталып, компьютерлік модельдеу, өндіру, киіп көру, жеке өлшемдеріне сәйкестендіру және дайын бұйымды пайдалану тәртібін үйретуге дейінгі кезеңдерді қамтиды.

Зертхана жұмысының негізгі бағыттарының бірі – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға ортезді ертерек жасау. Жоба аясында тиісті медициналық көрсетілімдері бар балаларға жеке ортездер тегін дайындалады. Бұл баланың анатомиялық ерекшеліктері мен оңалту қажеттіліктерін ескере отырып, оған дер кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

3D технологиялары арқылы жеке ортездер жасайтын алғашқы мемлекеттік зертхана
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Жаңа зертхананың міндеттеріне тоқталған Асқарбек Ертаев:

-Бұл – Мемлекет басшысының мүгедектігі бар адамдарға тең мүмкіндік жасау және қолжетімді оңалту жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты қадам. Осы бағыттағы жұмыс Қазақстанның 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясаты тұжырымдамасындағы міндеттерге де сәйкес келеді.

Біз үшін заманауи технологиялардың адамға тікелей көмектескені маңызды. Сондықтан зертхана ортез жасайтын орын ғана емес, жаңа шешімдер әзірленіп, олардың тиімділігі зерттелетін ғылыми-практикалық алаңға да айналады.

Медициналық көрсетілімдер бойынша ортездеу қажет балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Біз басты назарда адам, оның мүмкіндіктері, денсаулығы мен өмір сапасы тұратын жүйені кешенді түрде дамытып келеміз, – деді.

Ортездер дененің жекелеген бөліктерін ұстап тұруға, бекітуге, олардың қалпын түзетуге және қажетті қозғалыс қызметтерін қамтамасыз етуге қолданылады. Бұйымның конструкциясы, оны қолдану қажеттілігі мен пайдалану тәртібін тиісті мамандар адамның денсаулық жағдайы мен медициналық көрсетілімдерін ескере отырып анықтайды.

3D технологиялары арқылы жеке ортездер жасайтын алғашқы мемлекеттік зертхана
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуцметтік қорғау министрлігі

Жаңа зертхананың ерекшелігі – бұйымды дайындаудың негізгі кезеңдерінің барлығында цифрлық тәсілдің қолданылуы. Пациентті тексергеннен кейін ортез қажет дене бөлігі 3D-сканерден өткізіледі. Оның негізінде цифрлық модель жасалады. Одан кейін мамандар арнайы бағдарламалық жасақтаманы пайдаланып, ортездің жеке конструкциясын әзірлейді. Дайын модель өндіріске жіберіліп, бұйым заманауи жабдықтармен жасалады.

Цифрлық технологияларды қолдану әр пациенттің анатомиялық ерекшеліктерін ескеруге, жобалау дәлдігін арттыруға және оңалтудың техникалық құралын жеке қажеттілікке сай дайындауға мүмкіндік береді.

Ортез дайын болғаннан кейін мамандар оны пациентке кигізіп көріп, қажетті түзетулер енгізеді: бұйымның көмек алушының жеке өлшемдеріне сәйкестігін бағалап, оны пайдалану тәртібін үйретеді. Қажет болған жағдайда пациенттің цифрлық деректері сақталып, кейін ортез конструкциясын түзетуге немесе бұйымды қайта жасауға пайдаланылады. Пациенттермен жұмыс оңалту кезеңінде де қолдау көрсетуді қамтиды.

Зертхана заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олардың қатарында 3D-сканер, арнайы бағдарламалық жасақтама, сандық бағдарламалық басқаруы бар станок, полиуретанды өңдеуге және термоқалыптауға арналған жабдықтар бар.

Алғашқы кезеңде мұнда табанға, тобық және тізе буындарына, сондай-ақ жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарға арналған жеке ортездер дайындалады. Алдағы уақытта өндірістік құзыреттер дамып, жаңа технологиялық процестер меңгерілген сайын бұйымдардың түрлері де кеңейтіледі.

Жоба зертхананың өндірістік мүмкіндіктерін кезең-кезеңімен арттыруды көздейді. 2026 жылы 500 жеке ортез, 2027 жылы 1 000, ал 2028 жылы 1 500 бұйым дайындау жоспарланып отыр.

Зертхананың қызметі оңалтудың техникалық құралдарын тікелей дайындаумен шектелмейді. Маңызды бағыттардың бірі – ортездеу нәтижелерін ғылыми тұрғыдан бағалау. Жұмыс барысында алынған деректер технологияларды жетілдіруге, пациенттерге жеке қолдау көрсету сапасын арттыруға және мамандарға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеуге пайдаланылады.

Мемлекеттік зертхананы құру – Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының оңалтуды дамытуға, азаматтарды заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз етуге және арнаулы әлеуметтік қызметтерді жетілдіруге бағытталған алты жобасының бірі.

Жаңа зертхана әлеуметтік қорғау және оңалту жүйесіне заманауи технологияларды енгізуге, ортездеу саласындағы отандық құзыреттерді дамытуға және жеке оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыруға арналған практикалық алаңға айналады.

Зертхананың іске қосылуы отандық жеке ортездер өндірісін одан әрі дамытуға, цифрлық жобалау технологияларын енгізуге және ғылыми-практикалық тәжірибе жинақтауға негіз болады. Болашақта алынған нәтижелер ортездеудің заманауи тәсілдерін кеңінен қолданып, мемлекеттік әлеуметтік қорғау жүйесі аясында азаматтарға қолжетімді бұйымдардың түрлерін көбейту үшін пайдаланылуы мүмкін.

Іс-шара соңында қонақтар, қоғамдық ұйымдар мен бейінді мекемелердің өкілдері, сондай-ақ көмек алушылар мен олардың отбасылары жаңа зертхананың ашылуының маңызын атап өтіп, жеке оңалту құралдарын алуға заманауи мүмкіндік жасаған мамандарға алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, цифрлық технологиялар мен жеке тәсілді қолдану балалар мен ересектерге қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді. Ал зертхана еліміздің көптеген азаматына оңалту сапасы мен тиімділігін арттыруға көмектесетін сұранысқа ие орталыққа айналады.

Тоғыз жасар Софияның анасы Ирина Богиня зертханаға алғаш жүгінгендегі әсерімен бөлісті.

-Осындай мүмкіндіктің пайда болғанына өте қуаныштымыз. Зертханаға барған кезде бізді жылы қарсы алып, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, ортездеу процесінің қалай өтетінін айтып берді.

Мүгедектігі бар балаларға көңіл бөліп, отбасыларға қолдау көрсетіп отырғаны үшін Министрлік пен Үкіметке алғыс айтқым келеді. Мұндай бастамалардың артында балалар мен ата-аналардың тағдыры тұр. Сондықтан бұл біз үшін өте маңызды. Зертхананың жұмысы туралы барынша көп отбасы біліп, осы мүмкіндікті пайдалана алады деп үміттенеміз, – деді ол.

Мұндай көмектің отбасы үшін маңызы туралы 11 жасар Аланның анасы Анастасия Балтабекова да айтты.

-Мүгедектігі бар баланы тәрбиелегенде оның денсаулығын жақсартып, өмір сапасын арттыруға көмектесетін жолды үнемі іздейсің. Оңалтуға қомақты қаражат қажет, ал әр отбасының қажетті бұйымдарды сатып алуға қалтасы көтере бермейді.

Сондықтан осындай зертхананың ашылуы ата-аналарға үлкен қолдау. Мұнда заманауи технологияларды қолдана отырып, қажетті ортезді мемлекет есебінен алуға болады. Бұл – баламызға қажетті көмек көрсетуге және оның дамуына қарай тағы бір қадам жасауға берілген нақты мүмкіндік, – деді ол.

Осыған дейін Қазақстанда алғашқы мемлекеттік жеке ортездер өндірісі іске қосылатыны туралы жаздық.