Алматыда 43 компания көріктендіру ережесін бұзған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 30 қыркүйектен бастап жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша көріктендіру ережесін бұзған 43 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Eco Almaty» ЖШС мәліметінше, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,7 миллион теңгеге жетті.
Тротуарларға брусчатка төсеу және жиектас орнату кезінде заң бұзушылықтың көп болғаны анықталды. Белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін 33 компания жауапкершілікке тартылды. Бұл тәртіп бұзған компаниялардың жалпы санының 77%-на тең.
Сонымен қатар ғимараттардың қасбетін жөндеу кезінде талаптарды бұзған бес ұйым, кәріз және инженерлік желілерді тарту барысында төрт компания, ал арық желілерінде жұмыс жүргізу кезінде бір компания заңбұзушылыққа жол берген.
— Анықталған заң бұзу бойынша жалпы сомасы 1 340 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 5,7 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынды, — деп мәлімледі әкімдік.
Құрылыс нысандарына мониторинг Алматы аумағында экологиялық талаптар мен көріктендіру ережелерінің сақталуын бақылауға бағытталған.
Еске салайық, Алматыда Жандосов көшесіндегі асфальт не үшін алынып жатқаны айтылды.