Алматыда 46 жыл бұрын пайдалануға берілген мектеп жөндеуге жабылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда республикалық мектептерді жаңарту жобасы аясында № 30 мектеп-гимназиясы жөндеуге жабылады.

оқушылар
Фото: Бөкейхан мектебі

Алматы қаласының білім басқармасы мәлім еткендей, Медеу ауданында 46 жыл бұрын салынған № 30 мектеп-гимназиясы ашылғаннан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Қазір реконструкциялау жұмыстарын бастау үшін барлық дайындық шарасы аяқталды, мердігер компания таңдалды.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың наурыз айында басталады. 2026-2027 оқу жылына дейін оқушыларға жағдай жасалады. Қазір мектепте 1067 оқушы оқиды. Оқу қалыпты режимде, сабақтар уақытылы өтіп жатыр.

Медеу ауданының білім бөлімі мен Алматының білім басқармасы ата-аналармен кездесіп, мектепті жаңарту жобасы туралы толық ақпарат берді.

№ 30 мектеп-гимназиясының оқушылары Медеу ауданындағы басқа білім беру мекемелерінде оқитын болады.

— № 77 мектепте — 414, № 47— 326, № 56 мектепте — 210, М. Мәметова атындағы № 28 мектеп-лицейінде 117 оқушы оқитын болады. Бұған қоса, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданды: қажет болған жағдайда оларды мектептерге автобустармен тасымалдау ұйымдастырылады, — деп хабарлады басқармадан.

№ 30 мектеп-гимназиясының жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін оқушылар заманауи әрі жайлы оқу жағдайында білім алады.

Осыған дейін Алматы мектептері бір ауысымда оқуға біртіндеп көшетіні туралы жазған едік. Яғни, 2025 жылы 43 мектеп аталған оқу форматына ауысады. 

Соңғы жаңалықтар