Алматыда 56 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар – Бауыржан Жаубасов

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау мақсатында Халықаралық мүгедектер күні бекітілген. Осылайша әлемде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға әлеуметтенуіне, оларға жағдай жасауға баса назар аударылады. Жаһандық бастаманы Қазақстан да қолдайды, деп хабарлайды Kazinform.

Мүгедек
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласында өткен Мүмкіндіктер форумында осы туралы айтылды.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың сөзінше, онда 56 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 700-ден астамы түрлі салада жұмыс істейді. Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында әкімдіктің бастамасымен инватакси жобасы, қаладағы бүкіл нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін паспорттау жобасы жүзеге аса бастады.

«Инклюзивті қоғам, инклюзивті экономика құрып жатырмыз. Инклюзивті инфраструктура құрып жатырмыз. Әр адам өзінің көзқарасын өзгертсе, онда мүгедектігі бар жандар ешқандай өзінің шектеуін сезінбейді. Бізбен қатар қоғамда өмір сүреді, жұмыс істейді, белсенді болады. Мүмкіндіктер форумы деген шараның басты мақсаты осы»,- дейді Бауыржан Жаубасов.

Алматы мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Ұлан Іңкәрбеков біздің қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі арбада отырған адамдардың үйінен шыға алмауы екенін жеткізді.

«Әр үйде 6 баспалдақ бар. Арбаға таңылған жандар емін-еркін үйден шыға алмайды. Шетелмен салыстырғанда, оларда кедергі деген ұғым жоқ. Дамыған мемлекеттерде әлеуметтік мәселе жақсы қаралған. Ал бізде енді салынып жатқан үйлердің бәрінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барша мүмкіндік қарастырылып жатыр. Бүгін көптеген тақырып көтерілді. Жиналыс соңында осы мәселелерді қабылдаймыз», - дейді ол.

Бұл форум TED конференция, Town Hall, нетворкинг сынды үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде мүмкіндіктер қоғамын құру мәселелерімен айналысатын мемлекеттік, республикалық және халықаралық ұйымдардың спикерлері мен сарапшылары өз тәжірибесімен бөлісті.

Шараға отандық және шет елдік үкіметтік емес ұйыммен қатар мемлекеттік сектор өкілдері де қатысты.