Алматыда 60-тан астам ескерткіш ретке келтірілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында қалалық тарихи-мәдени мұра объектілерінің аумақтарын кешенді тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы әкімдігінің мәліметінше,мегаполисте 60-тан астам ескерткіш пен мүсін ретке келтірілді. Оның ішінде Тәуелсіздік монументі, «Тағзым» мемориалы, Ш.Уәлиханов, Н.Тілендиев, Ж. Жабаев, М. Әуезов, Ә. Молдағұлова мен М.Мәметова ескерткіштері бар.
«Ескерткіштер мен бюсттер аумағының маңайын қоқыстан тазартылып, мүсіндер жуылды. Үлкен мүсіндерді тазалау үшін суару машиналары қолданылды. Сондай-ақ, ескерткіштерді вандалға қарсы жабынмен өңдеу жұмыстары жоспарланған»,- деп атап өтті әкімдіктен.

Акция аясында, барлығы 100-ден астам тарихи-мәдени мұра нысандары мен 6 археологиялық қорған қамтылады.

«Таза Қазақстан» республикалық экоакциясының «Өнегелі ұрпақ» тақырыптық апталығы көшеттер мен гүлдер отырғызу, сондай-ақ соғыс ардагерлеріне, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға үй маңындағы аумақты жинауға және көмек көрсетуге бағытталған. Бұдан бөлек, «Көршіңе көмектес» акциясы жалғасып жатыр.
Айта кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр.
