Алматыда 9 мамыр күні бірқатар көше уақытша жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ертең 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында гүл шоқтары қойылады.

Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, салтанатты рәсімге байланысты саябақ аумағында көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Сағат 07:00–ден 12:00–ге дейін Қонаев — Жібек жолы — Қазыбек би — Бәрібаев көшелері аумағында көлік қозғалысы тоқтатылады. Бұл аумақта автотұрақ та уақытша жабылады.
Сондай-ақ осы уақыт аралығында Гоголь көшесі Орталық мәдениет және демалыс саябағынан Қонаев көшесіне дейін толықтай жабылады.
— Осы кезеңде көліктерді бұл көше бойында қалдырмауды сұраймыз, — деп ескертеді басқармадан.
Одан бөлек іс-шараға қатысушыларға ыңғайлы болу үшін 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағынан келесі бағыттар бойынша біржақты тегін тасымалдау ұйымдастырылады:
— Достық даңғылы (Төле би және Қазыбек би көшелерінің арасы) — Абай алаңы — Орталық стадион;
— Қалдаяқов көшесі (Гоголь көшесінің оңтүстігінде) — Халық Арена;
— Гоголь көшесі (Қонаев көшесінің бұрышы) — Райымбек батыр даңғылы / Абылай хан көшесі;
— Қонаев көшесі (Гоголь мен Қазыбек би көшелерінің арасы) — «Сәлем» базары;
— Гоголь көшесі (Қалдаяқов көшесінен батысқа қарай) — Алматы Арена.
Еске салайық, 9 мамыр күні сағат 21:00–де Абай алаңында 500 дрон қатысуымен шоу өтеді.