Алматыда адам қағып, оқиға орнынан бой тасалаған көлік жүргізушісі ұсталды
Алматыда жаяу жүргінші жолымен өтіп бара жатқан ер адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 қараша күні таңғы 04:15 минутта Алатау ауданында 29 жастағы жігітті көлік қағып кеткені туралы ақпарат түскен. Жол апаты салдарынан зардап шеккен адам ауруханада көз жұмды.
«30 жастағы Р. есімді азамат ВАЗ көлігімен Жұмабаев пен Солтүстік айналма көшелерінің қиылысында 29 жастағы О. есімді азаматты қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жаяу жүргінші алған жарақаттары салдарынан ауруханада көз жұмды. Іздеу бөлімінің қызметкерлері жаңа технологияларды қолдана отырып, қашып кеткен жүргізушіні анықтады. Күдікті қамауға алынды, - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Серік Шумаев.
ҚР ҚК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
«ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады», - деп атап өтті ол.