Алматыда адам өміріне қауіп төндіретін алкоголь өнімдері табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жеке кәсіпкердің үйін тексеру барысында контрафактілік акцизделетін өнімді тапты.
«Атап айтқанда, спирттің ерекше иісі бар қою сұр түсті 1200 литр көлемінде сұйықтығы бар канистрлер, 870 қаңылтыр сыра және контрафактілі темекі өнімі-сәйкестендіру құралдары жоқ және 760 пакет мөлшерінде анықталмаған үлгідегі сәйкестендіру құралдары бар темекі табылды», - деп хабарлады департаменттен.
Заңсыз өнімнің жалпы құны 2,2 млн теңге. Анықталған дерек бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
«Жоғарыда аталған тәркіленген акцизделетін өнім азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін атап өткен жөн. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды күмәнді шыққан алкоголь өнімдері мен темекі өнімдерін сатып алу кезінде қырағы болуға шақырады», - делінген ведомство хабарламасында.