Алматыда ағаштарды заңсыз кесу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Алматының Алатау ауданында 176 ағаш пен 40-тан астам жабайы өскен бұталар – барлығы 216 жасыл желек заңсыз кесілген, деп хабарлайды Kazinform.

қылмыстық іс қозғалды
Фото: pixabay.com

Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС құрылыс объектісінде ағаштар заңсыз оталған.

«Жалпы алаңы 17 гектар жер учаскесінде кесуге және құрылыс жүргізуге рұқсат берілмесе де мұндағы 176 түп ағаш пен 40-тан астам жабайы өскен бұталар (барлығы 216 жасыл желек кесілген», - деп хабарлады қалалық әкімдіктен. 

Осыған байланысты басқарма мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және табиғат қорғау полициясының қызметкерлерімен бірлесіп келтірілген залалды есептейді әрі жасыл желектерді тексеру актісін жасайды. Анықталған факті бойынша Алматы қаласы Алатау ауданының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қалалық әкімдіктен атап өткендей, 2023 жылдың маусым айынан бастап «Мемлекеттік қызметтер» порталы арқылы (Elicense.kz) Алматының экология және қоршаған орта басқармасына «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС-нен тұрғын үй кешені құрылысы аумағындағы ағаштарды кесуге рұқсат алу үшін 6 өтінім келіп түскен. Алайда, сараптама қорытындысының болмауына байланысты ағаштарды кесуге рұқсат берілмеді. 

28 қарашада «Altyn Ai ТК» ЖШС жаңа меншік иесі жұмыс жобасы «Мемсараптама» РМК хатымен толықтырылды. Кейін 5 желтоқсанда мемлекеттік қызметтер порталы арқылы «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС-нен қызмет көрсету объектілері мен жерасты паркингі бар МЖК құрылысына жасыл желектерді кесуге қатысты рұқсат алуға құжаттар қайтадан тапсырылды.

«Айта кету керек, ағаштарды кесуге рұқсат беру мемлекеттік қызмет саналады, сондықтан қажетті құжаттар пакеті ұсынылған жағдайда рұқсат беруден бас тарту мүмкін емес. Бекітілген және келісілген қала құрылысы құжаттамасында (Мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама) көзделген құрылыс қызметін, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі құжаттардың толық пакетінің ұсынылуына байланысты 2023 жылғы 11 желтоқсанда басқарма жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша кесуге рұқсат берілген 2 797 дана ағаштың орнына 27 970 дана көлемінде өтемдік жасыл желек отырғызатын болады. Басқарма сонымен қатар 100 дана жасыл желектерді басқа жерге отырғызу жөніндегі жұмыстарға келісім берді», - деп хабарлады әкімдіктен. 

Көшеттерді отырғызу «Алматы қаласының жасыл желектерін күтіп-ұстау және қорғау қағидаларының» барлық талабын сақтай отырып, биіктігі кемінде 2,5 метр болатын жалпы пайдаланымдағы жерлерде жүргізіледі. 

Соңғы жаңалықтар